Білім министрі сырттай оқудың болашағы туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біздің басты назарымыз - білім берудің формасы емес, сапасы. Егер сырттай білім беру жүйесі сапалы білім беретін болса, онда тұрған ешқандай мәселе жоқ. Бұл туралы бүгін ОКҚ өткізген брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді.

«Сапасыз білім беру, диплом сату, жалған баға қою сияқты мәселелер туындайтын болса, біз ондайға бей-жай қарап отыра алмаймыз. Мейлі, күндізгі болсын, мейлі сырттай оқу болсын», - деді министр.

Журналистің «сырттай оқудың сапалы болуы мүмкін бе?» деген сұрағына жауап бере отырып, А. Сәрінжіпов білім берудің формасы білімнің сапасына жауап бермейтінін атап өтті.

«Білімнің сапасы білім берудің формасына байланысты емес. Сырттай білімді де сапалы беруге болады. Жұмыс жасай жүріп екінші мамандықты меңгергісі келетін адамдар бар. Қазір әлемде өмір бойы білім алу үрдісі етек алып келеді. Сондықтан, сырттай оқу осындай формалардың бір түрі», - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, еліміздегі 520 мың студенттің 150 мыңға жуығы сырттай бөлімде білім алып жатыр.