Білім министрі: Жоғары оқу орындарында сырттай оқушылар саны қысқара береді

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жоғары оқу орындарында сырттай оқушылар саны қысқартыла береді. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті.

«Жоғары білім беру саласында да бірқатар проблемалық мәселелер баршылық. Атап айтқанда, жоғары оқу орны саласында кадрлар даярлауда сәйкессіздік байқалады. Мәселен, елімізде әлі күнге заңгерлер мен экономистер көптеп даярланып жатыр. ЖОО бітірушілерге деген қажеттілік те төмен, түлектер бірден жұмысқа орналаса алмайды және мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды», - дейді А. Сәрінжіпов.

Бұдан бөлек, министр жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімге қарағанда сырттай білім алушылардың басым болып отырғанын, жоғары білім беру сапасының да төмен екенін да алға тартты. «Үш жылда сырттай оқу төрт жарым есеге азайды. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да жалғасатын болады», - дейді А. Сәрінжіпов.