Министрдің айтуынша, оқулықтармен толық қамтамасыз ету процесі кезең кезеңімен жүзеге асатын болады. «Оқулықтарды қайта басып шығарудың төрт жылдық циклына байланысты, қазіргі таңда бұл оқулықтарды сатып алу арқылы іске асады. Мектеп кітапханаларының кітап қоры оқу пәндерінің санына, сыныптағы оқушылар санына байланысты қалыптасады. Бүгінгі таңда Астана және Алматы қалалары, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары оқулықпен толық қамтамасыз етілген. Басқа өңірлерде, мәселен Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қостанай, Ақмола облыстарында әлі де мәселелер бар», дейді А. Сәрінжіпов.
Оның айтуынша, оқулықтарды тегін қамтамасыз ету республика бойынша 96,4 пайызды құрайды.
«Бір оқулықтың басылып шығуына үш сарапшы қатысады: ғалым, әдіскер және білім беру ұйымының мұғалімі. Биыл шетелдік мамандарды тарту арқылы авторлар мен сарапшыларды біліктілігін арттыру басталды», деді А. Сәрінжіпов.