Білім министрлігі мектепке балаларды 6 жастан қабылдауды ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігі мектепке балаларды 6 жастан қабылдауды ұсынады. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев осылай мәлім етті.

Заң жобасындағы басты жаңалықтардың бірі мектепке білім алуға қатысты қабылдауды 6 жастан айқындау ұсынылады. «Бұл ретте мектепке қабылданған түлек 12 жылдық біліммен 18 жасында мектепті аяқтайды, сосын бүгінгі мемлекеттік бағдарламада да баланың 6 жастан 1-сыныпқа баруы тиістігі қарастырылған. Әлбетте, қоғам арасында бұл мәселеге қатысты түрлі пікір бар, көпшіліктің осы төңіректе сұрақтары да туындаған. Дегенмен, оқу жылы күнтізбелік жылдан айырмашылығы бар және біз үшін ең бастысы 1 қыркүйек, жаңа оқу жылындағы баланың нақты жасы маңызды. Мектепке баратын баланың 1 қыркүйектегі жасы 6-ға толған болуы керек», - деді Тахир Балықбаев.