«ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен білім беру ұйымдарына кіргізуге тыйым салынған және пайдалануға шектеу қойылған заттар тізбесі бекітілді. Бұл тізімге қарудың барлық түрі, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, сондай-ақ тесуге және кесуге арналған заттар кіреді. Жаңа норманы енгізу балаларға қауіпсіз және жайлы оқу ортасын құруға, құқықбұзушылықтарды уақытылы анықтауға және оның алдын алуға мүмкіндік береді», - делінген министрлік хабарламасында.
Осылайша, мектептерге қарулар мен оған ұқсас заттарды әкелуге қатаң тыйым салынады.
«Бұдан басқа, білім беру ұйымдарында кесуге арналған және өткір заттарды, өнеркәсіптік құралдарды, оқ-дәрілерді, жарылғыш, улы, психоактивті заттарды әкелуге және пайдалануға жол берілмейді. Балалардың тыйым салынған заттарды білім беру ұйымдарына кіргізгені үшін олардың ата-аналары мен заңды өкілдері жауапты болады», - дейді ҚР БҒМ.