Билл Гейтс ЖИ-ға қатысты қауіпке алаңдап, дабыл қақты

АСТАНА. KAZINFORM – Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс осы жылдың соңында ҚХР президенті Си Цзиньпинмен кездесіп, жасанды интеллектпен байланысты тәуекелдерді азайту бойынша халықаралық шараларды ұсынуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды NBC News.

Фото: scmp.com

Гейтстің айтуынша, егер АҚШ мұндай бастаманы қолға алса, Қытай ЖИ-дың ықтимал қауіпті модельдерін шығаруды шектеуге келісуі мүмкін. Оның командасы қараша айында Қытайға сапарлауды алдын ала жоспарлап отыр.

Гейтс сонымен қатар ЖИ-дың қауіпті молекулаларды және биологиялық шабуылдар жасау қабілетіне халықаралық бақылау қажет деп санайды. Ол ядролық инспекция жүйесінің элементтері, халықаралық авиация ережелері және озон қабатын қорғау туралы келісімдерге негізделген жасанды интеллектті реттейтін жаңа халықаралық ұйым құруға шақырды.

Миллиардердің мәлімдеуінше, ол соңғы кездері ЖИ-мен байланысты қауіптерге алаңдап жүр. Атап айтқанда, оны киберқауіпсіздік бойынша сынақтар кезінде OpenAI, Anthropic және Meta Platforms технологияларын пайдаланып нақты веб-сайттарды бұзу оқиғалары алаңдатты. Гейтстің пікірінше, мұндай оқиғалар қоғамды жасанды интеллект дамуының ықтимал салдары туралы ойландыруы керек.

Гейтс АҚШ жасанды интеллектті реттеуде жетекші рөл атқаруы керек деп санайды. Алайда халықаралық қауымдастық шешім қабылдау үшін нақты критерийлер белгілеуі қажет. Ол өз блогында теңсіздікті ушықтырмайтын және осал топтарға зиян келтірмейтін жасанды интеллект жасауға басымдық берді. Оның пікірінше, бұл міндет климаттың өзгеруі мен денсаулық сақтау саласындағы дағдарыстардан да маңызды.

Гейтс қоры 2045 жылға қарай жасанды интеллектке көбірек көңіл бөліп, 200 млрд доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Ұйым Anthropic-пен жасанды интеллектке негізделген жүктілікті скринингтеу бойынша және OpenAI-мен Руандадағы медицина қызметкерлеріне арналған құралдарды әзірлеу бойынша бірлесіп қызмет атқарып отыр.

Гейтс сонымен қатар жұмысшыларды ауыстыру үшін ЖИ пайдаланатын компанияларға салық салуды және жұмыс орындарының 40%-ын адамдарға сақтауды ұсынды. Ол қоғам қазіргі уақытта еңбек нарығындағы болашақ өзгерістердің ауқымын бағаламай отырғанын алға тартты.

Гейтс ЖИ арқасында еңбек нарығында төңкеріс болатынын мәлімдеген еді.