Гейтс ЖИ арқасында еңбек нарығында төңкеріс болатынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM –  Майкрософт компаниясының теңқұрушысы Билл Гейтс жаһандық денсаулық сақтау мен білім беру салаларына ерекше көңіл бөлетін қайраткер ретінде танымал. Ол жасанды интеллектінің (ЖИ) қарқынды дамуы жақын болашақта ондаған жыл бойы дамыған және дамушы елдер үшін өзекті болып келген кадр тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады. 

Гейтс ЖИ арқасында еңбек нарығында төңкеріс болатынын мәлімдеді
Фото: New York Times

Миллиардердің айтуынша, жасанды интеллект (ЖИ) тіпті АҚШ сияқты дамыған елдерде де кездесетін дәрігерлер мен мұғалімдердің  тапшылығын жоюға қабілетті. Америкалық медициналық колледждер қауымдастығының мәліметінше, 2036 жылға қарай АҚШ-та 86 мыңға дейін дәрігер мен маман жетіспеуі мүмкін.

Бұл қиындықтарды еңсеру және денсаулық сақтау саласындағы кәсіби күйзелісті азайту мақсатында жасанды интеллектіні қолданатын стартаптар — мысалы, Suki, Zephyr AI және Tennr белсенді дамып келеді. Бұл компаниялар шот жазудан бастап медициналық жазбаларды жүргізуге дейінгі күнделікті міндеттерді автоматтандыруды, сондай-ақ диагноз қою дәлдігін арттырып, жаңа ем түрлеріне лайықты пациенттерді анықтауды ұсынып, миллиардтаған доллар инвестиция тартқан. McKinsey консалтингтік компаниясының бағалауынша, генеративті ЖИ-ді енгізу денсаулық сақтау және фармацевтика салаларында өнімділікті 370 миллиард долларға дейін арттыра алады.

Кадр тапшылығы білім беру саласында да өткір байқалады. АҚШ-тың 2023 жылғы федералдық статистикасына сәйкес, мемлекеттік мектептердің 86%-ы 2023–2024 оқу жылына мұғалім табуда қиындық көрген, ал 45%-ы қызметкерлердің жетіспеушілігін мойындаған.

Nvidia секілді технологиялық алпауыттар қоймадағы тапсырыстарды жинаудан бастап ғимараттарды тазалауға дейінгі физикалық жұмыстарды орындайтын гуманоидты роботтар жасауға белсенді инвестиция құйып жатыр. Бұл жобалар еңбек шығындарын азайтып, тиімділікті арттыруды көздейді.

Гейтс бұл өзгерістер еңбек ұғымының өзін түбегейлі өзгертуі мүмкін екенін айтады.

— Сіз зейнетке ертерек шыға аласыз, аптасына аз сағат жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Бұл өмірімізді қалай өткізуіміз керек деген сұрақты философиялық тұрғыда қайта қарауды талап етеді, — деді ол People by WTF подкастында.

Кәсіпкер мұндай трансформацияны елестету өзіне де қиын екенін мойындады.

— Мен үшін ойымды өзгерту қиынға соғады, өйткені мен дерлік 70 жыл тапшылық әлемінде өмір сүрдім, — деп Джон Мейнард Кейнстің болжамына сілтеме жасады.

1930 жылы Кейнс технологиялық прогресс жұмыс аптасын 15 сағатқа дейін қысқартады деп болжаған. Арада бір ғасыр өтсе де, өнімділік артқанына қарамастан, көпшілік әлі күнге дейін аптасына шамамен 40 сағат жұмыс істейді.

Гейтстің айтуынша, ерікті түрде еңбек ету — ол үшін жай теория емес, шындық.

— Маған жұмыс істеу қажет емес. Мен жұмыс істеуді таңдаймын. Неге? Өйткені бұл қызық, — деді миллиардер.

Оның пікірінше, жасанды интеллект мамандар тапшы елдерге — мысалы, Үндістан мен Африка мемлекеттеріне жоғары деңгейдегі «медициналық интеллектіні» ұсына алады.

Сонымен қатар, Гейтс ЖИ мен робототехниканың ықпалы медицина мен білім беру саласымен ғана шектелмейді деп санайды.

— Жұмысшыларды ауыстыру үшін роботтардың өте епті болуы қажет. Бірақ біз соған жетеміз, — деді ол.

Бұған дейін жасанды интеллект бедеулікпен күресуге көмектесетіні туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар