АСТАНА. KAZINFORM – Теннистен Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан намысын қорғайтын ойыншылар анықталды.
Қазақстан әйелдер құрамасы D тобында Аустралия және Колумбия командаларымен сынға түседі.
Матчтар Аустралияның Брисбен қаласында өтеді.
Юрий Щукин бастаған бапкерлік штаб мына теннисшілерге сенім артты: Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Анна Данилина, Жібек Құламбаева.
Қазақстан құрамасы 10 сәуірде Аустралиямен, бір күннен кейін Колумбиямен ойнайды.
Алты іріктеу тобының жеңімпаздары командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады. Оларға корт иелері – қытайлықтар мен 2024 жылғы әлем чемпионы Италия құрамасы қосылады. Сондықтан финалдық турнирге шығу үшін Юрий Щукин шәкірттеріне өз тобында бірінші орын алуы керек.
Әр топта 2-3 орын алған құрамалар аймақтық топтық бәсекелердің үздік командаларымен бірге плей-офф кезеңінде бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ-тағы турнирде Бублик пен Кукушкиннің қарсыластарынан басым түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).