Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан — Испания матчында Путинцева таразы басын теңестірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Билли Джин Кинг кубогы аясында Қазақстан әйелдер құрамасы Испания командасымен ширек финалдық матчын өткізіп жатыр.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Кортқа әуелі Қазақстаннан рейтингіде 384-орындағы, 20 жастағы Соня Жиенбаева мен Испаниядан әлемнің 93-ракеткасы Джессика Бузас Манейро шықты. 

Бұл ойында тәжірибесі көбірек испаниялық теннисші 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Екінші ойында рейтингіде 78-сатыдағы Юлия Путинцева әлемнің 35-ракеткасы Кристина Букшаға қарсы келді.

Бірінші партияда қазақстандық спортшы 6:2 есебімен басым түсті. Екіншісінде Кристина Букша есе қайырды — 6:3.  Үшінші, шешуші сетте Юлия Путинцева бет қаратпады — 6:1.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде Юлия 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін құр жіберген жоқ. Букша 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.

Осылайша, Қазақстан — Испания матчында есеп теңесті — 1:1.

Матч тағдыры енді жұптық сында шешіледі. Анна Данилина — Жібек Құламбаева испаниялықтар Кристина Букша — Сара Соррибес Тормомен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан құрамасы Испания командасын жеңе ала ма, соны жазған едік.