Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан мен Канада құрамаларында кімдер ойнайды

АСТАНА. KAZINFORM — 10-11 сәуірде Астана қаласындағы Beeline Arena корттарында Билли Джин Кинг кубогы аясында теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Канадамен сынға түседі. 

Фото: ҚТФ

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталмыш матчта ел намысын қорғайтын теннисшілер анықталды.

Команданың жаңартылған құрамына тәжірибелі, сондай-ақ жас ойыншылар енді:

— Анна Данилина (жұптық сын, № 6 WTA);

— Юлия Путинцева (№ 76 WTA);

— Жібек Құламбаева (жұптық сын, № 178 WTA);

— Аружан Сағындықова (№ 871 WTA);

— Соня Жиенбаева (№ 1018 WTA).

Ұлттық құрама көшбасшысы, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина бұл кездесуге қатыспайды. Бұл шешім Қазақстан теннис федерациясы, спортшы мен оның бапкерлік штабымен қабылданды. Еленаның биылғы басты мақсаты — әлемнің бірінші ракеткасы атану үшін таласу. Егер қазақстандық теннисші WTA рейтингісінде көш бастаса, бұл Қазақстан үшін тарихи табыс болмақ. Сондықтан барлық күш осыған жұмылдырылған.

Билли Джин Кинг рейтингісінде 4-орындағы Канада құрамасы — 2023 жылғы турнир жеңімпазы, биылғы фавориттердің бірі.

Солтүстікамерикалық команда Астанаға мына құрамда келмек:

— Виктория Мбоко (№ 10 WTA),

— Габриэла Дабровски (жұптық сын, № 2 WTA),

— Марина Стакусич (№ 130 WTA),

— Бьянка Андрееску (№ 165 WTA, жұптық сында 160-орын),

— Кайла Кросс (№ 194 WTA, жұптық сында 131-орын).

Матч жеңімпазы командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Индиан-Уэллс турнирінде Анна Данилинаның финалға шығу үшін таласатынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ ширек финалға шыққан Елена Рыбакина өткен жылғы көрсеткішін жақсартты.