Атақты теннисші Ярослава Шведова жетекшілік ететін Қазақстан қыздар құрамасы топтық кезеңде екі кездесу өткізіп үлгерді.
Шымкент корттарында ел намысын Каролина Лигай, Тамина Сәкен және Мәриям Нұржан қорғауда.
Бастапқы матчта қазақстандық жасөспірімдер кеше жарыс фавориті Жапония құрамасына есе жіберді — 0:3.
Есесіне бүгін Қазақстан құрамасы Гонконгпен матчта жеңісті жұлып алды — 2:1.
Алдымен Тамина Сәкен Ка Хей Маны қапы қалдырды — 6:1, 6:2. Бұдан кейін Каролина Лигай Чиу Кван Нина Вангқа есе жіберді — 0:6, 2:6.
Жұптық сында Мәриям Нұржан — Тамина Сәкен Гонконг өкілдері Хиу Лам Элла Вонг — Ка Хей Маны 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктіріп, Қазақстанға жеңіс әперді.
Сәрсенбі күні Жапония Гонконгпен, Қазақстан Таиландпен ойнайды. Қазақстандық қыздар үшін дәл осы кездесу шешуші болмақ. Таиландты ұтса, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жолдамасы үшін бәсекені жалғастырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шымкентте жасөспірімдер құрамалары әлем чемпионатына жолдаманы сарапқа салатынын жазған едік.
Сондай-ақ Рим турнирінде Елена Рыбакина әлемнің экс 1-ракеткасын ұтып, ширек финалға шықты.
Анна Данилина Рим турнирінің ширек финалына жолдама алды.