Былтыр ел кәсіпкерлерінің 1 пайызына ғана салықтық тексеру жүргізілген

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов кәсіпкерлерге неге салықтық тексеру аз жүргізілгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салықтық тексерулер жиі ұйымдастырылмайды. Былтыр кәсіпкерлердің тек 1 пайызына тексеріс жүргізілді. Біз онлайн-талдау нәтижесі бойынша оларға хабарлама жібереміз және олқылықтарды өз бетінше түзетуге мүмкіндік береміз. Егер мұны орындамаған жағдайда салықтық тексеру барады. Олар қосымша есептеу жүргізеді. Оның нәтижесінде сома Қылмыстық кодексте белгіленген мөлшерден асып кетсе, онда қылмыстық іс қозғалады. Кәсіпкерлер бұл туралы біледі және ол сатыға жетпей, салық төлеуге тырысады», - деді Қайрат Миятов ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Айта кетейік, бұған дейін бюджетке ең көп кіріс әкелетін 5 салық түрі туралы жазып едік.

Қоса кетсек, 2025 жылдан бастап банктің операциялардан тапқан пайдасына салық салынады.