2025 жылдан бастап банктің операциялардан тапқан пайдасына салық салынады
ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Мемлекеттік кірістер комитеті Әдістеме департаментінің директоры Әлия Жетібаева жаңа Салық кодексіне енгізіліп жатқан өзгерістер туралы айтып берді.
Әлия Жетібаева мәлімдегендей, жаңа кодекске сай, екі жылдан кейін банктер операция мен құнды қағаздардан тапқан пайдасынан салық төлейді.
«Банк жүйесіндегі салық төлемдері мәселесі орынды көтеріліп отыр. Бүгінде өтіп жатқан Мәжіліс отырыстарында жаңа Салық кодексінің жобасына бірнеше өзгеріс енгізіліп жатыр. Соның ішінде банктерге 2025 жылдан бастап корпоративтік табыс салығы негізінде салық салынады деген нормалар бар. Нақтыласам, яғни 2025 жылдан банк операциялары мен Ұлттық банктің ноталарына салық салынады», – деді Әлия Жетібаева ҚазАқпарат тілшісінің сауалына берген жауапта.
Спикер атап өткендей, бүгінде корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі – 20%. Жаңа Салық кодексі қабылданса, онда банктік операциялардан осы көлемде салық төлемі алынады.
Еске салайық, таяуда Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жұмыс істейтін банктердің операциялар арқылы тауып жатқан пайдасына салық салу мәселесі қарастырылатынын мәлімдеген еді.
Ал Сенат депутаты Альберт Рау банктер құнды қағаздар табысынан салық төлемейтінін айтып, мәселені реттеуді ұсынды.