Өткен жылы Қазақстанға қанша қандас көшіп келді

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Қазақстанға 6 843 адам көшіп келген, оның 2 234-і — қандас, қалғаны — қоныс аударушылар.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына жолдаған жауабындағы дерекке сай, бұл тізімде солтүстік өңірлер көш бастап тұр. Атап айтқанда: 

— Павлодар облысына — 2 190 адам,
— Солтүстік Қазақстан облысына — 2 176 адам,
— Шығыс Қазақстан облысына — 774 адам,
— Қостанай облысына — 651 адам,
— Абай облысына — 508 адам,
— Ақмола облысына — 300 адам,
— Атырау облысына — 103 адам,
— Ұлытау облысына — 103 адам,
— Қарағанды облысына — 38 адам қоныс аударған.

Көшіп келуші адамдар мына елдерден келген:

  • Қытайдан — 853
  • Өзбекстаннан — 720
  • Моңғолиядан — 459
  • Ресейден — 103
  • Түрікменстаннан — 64
  • басқа елдерден — 35 адам.

Министрлік атап өткендей, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде қоныстану өңірлеріндегі көші-қонның теріс сальдосы 2019 жылмен салыстырғанда 36%-ға төмендеді. Бұл шаралар қоныс аударушылар мен қандастарға арналған әлеуметтік және тұрғын үй қолдауын жақсартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2025 жылы Migration.enbek.kz порталы арқылы Қазақстанға көшу бойынша 18 639 өтініш өңделді.