Былтыр Өзбекстанда жасалған жемқорлық қылмыстары мемлекетке $228 млн залал келтірді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Былтыр Өзбекстанда сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған 7 354 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегіне сай, 2024 жылы 7,3 мыңнан астам адамның үстінен 4 649 қылмыстық іс (2023 жылы 4 128 іс) қозғалған. Бұл ретте сотталғандар саны өткен жылдармен салыстырғанда 12,5%-ға өсті. Атап айтқанда, 2023 жылы 6 535 адам темір торға қамалған еді.
– Сыбайлас жемқорлықтан мемлекет мүддесіне 2 трлн 812 млрд сум (шамамен $228,3 млн) залал келгені анықталды, - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлттық баяндамасында.
2023 жылы жемқорлық қылмыстарынан ел экономикасы 1,4 трлн сум ($113,6 млн) шығынға батқан еді. Залал көлемі бойынша Андижан (680 млрд сум), Ташкент (332 млрд сум), Наманган (308 млрд сум) және Сырдария облыстары (289 млрд сум) көш бастап тұр.
Еске салайық, былтыр Өзбекстанда қылмыстық жауапқа тартылған лауазымды тұлғалардың саны 37,2%-ға өсті. Тиісінше, жемқор шенеуніктер мемлекетке $278,3 млн залал келтірді.
Сонымен қатар таяуда Өзбекстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министріне қатысты сот үкімі шықты.
Сондай-ақ биыл наурызда Өзбекстан президенті жемқорлықпен күреске жауапты 117 шенеунікті қызметінен босатуды тапсырған болатын.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда жемқорлыққа бейім келетін шенеуніктерді ерте анықтау тәжірибесі енгізілмек.