Бір аптада елімізде 3,2 мың қылмыс тіркелген

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз өткен аптадағы криминогендік жағдай туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бір апта ішінде 3 267 қылмыс жасалды. Оның 2 201-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 8 кісі өлтіру қылмысын, 4 арты өлімге әкеп соққан қасақана ауыр зиян келтіруді, 2 қарақшылық, 25 тонау және 504 бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарын ашты», - деді ол Ішкі істер министрлігінің онлайн брифингінде.

Брифинг барысында ІІМ-нің автобус жолақтарына қатысты заңға түзетулер жобасын әзірлегені де айтылды.

«Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар қалаларда арнайы бөлінген автобус жолақтарын автомобильдердің қарбалас сағаттардан тыс кезде және демалыс күндері пайдалану мүмкіндігін зерделей отырып автомобиль ағындарын ұйымдастыру мәселесін пысықтап жатыр. Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті орган ретінде жол қозғалысы ережелеріне ықтимал түзетулерді алдын ала дайындады», -деді министрдің кеңесшісі Нұрділдә Ораз.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрінің кеңесшісі Қазақстанда жүрген шетелдіктерге елде жүріп-тұруды заңдастырудың мерзімі 5 маусымда аяқталатынын тағы бір рет ескертті.

Көші-қон қызметі комитетінің бөлім басшысы Ғани Шымырбаевтың айтуынша, Қазақстанда 4,6 мыңнан астам адам жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүріп келген.