Аталған құқық бұзушылықтардың туындауына көп жағдайда отбасындағы ұрыс-керіс, нашар қарым-қатынас, ерлі-зайыптылардың арасындағы қызғаныш және спирттік ішімдіктер себеп болады екен.
Енгізілген жаңа өзгерістер қазірдің өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алуда оң нәтижесін беруде. Атап айтқанда, жыл басынан бергі 1 айда тұрмыстық ортада зорлық-зомбылыққа жол бергендері үшін 242 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылған. Отбасындағы әйелдерге жасалған құқық бұзушылықтары үшін 251 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылса, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен 54 азаматқа қатысты мамандандырылған әкімшілік сот шешімдерімен ескерту жасалынды.
Мәселен, 2017 жылдың 20 қаңтарында бір азаматша заңды некедегі күйеуі балаларының көзінше қол көтеріп, балалардың жәрдемақысы мен тапқан ақшасын қорқытып алып қойғандығын көрсетіп, ішкі істер органдарына арызданған болатын. Арыз негізінде күйеуіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес қорғау нұсқамасы белгіленді.
Ал, азаматша өзінің 4 баласымен әйелдерге арналған «Қамқорлық» дағдарыс орталығына орналастырылды.
Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының жартысы моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына көп жағдайда шағымданбайды. Осыған байланысты, зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдерге көмек көрсету мақсатында халық көп шоғырланатын орындарда ақпараттық-насихаттық шаралар жүргізіліп, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды аралау, моральдық-психологиялық жағынан қолдау көрсету жұмыстары жүргізілуде.