Бір айда 800 мыңға жуық қазақстандық ЖРВИ жұқтырған
«Елімізде ЖРВИ және тұмаудың таралуын мониторингілеу жыл сайын 1 қазаннан басталып, келесі жылдың 30 сәуіріне дейін жүргізіледі. Биыл эпидемиялық маусым басталғалы 764 247 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Өткен жылы да көрсеткіш осы деңгейде болған. Ал, тұмау бойынша ел көлемінде 521 зертханалық тұрғыдан расталған жағдай тіркелді. Таралу жағынан өңірлерге келсек, Қызылорда облысы – 128, Жетісу облысы – 84, Ақтөбе облысы – 69 жағдаймен үштікте тұр», - деді Роза Қожапова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің айтуынша, ел көлемінде тұмаудан басқа, оған ұқсас вирустар да таралып жатыр.
«Тұмауға ұқсас инфекциялар бойынша 1 202 сынама тексерілді. Оның ішінде 254 сынама (21,1%) расталды. Вирустарға келсек, риновирус – 93, РС вирус – 77, парагрипп – 31, коронавирус – 20, аденовирус – 17, бокавирус – 10, метапневмовирус – 6», - дейді ол.
Айта кетсек, бұған дейін бір сыныпта 30 пайыз ЖРВИ жағдайы тіркелсе, оқу онлайн форматқа ауыстырылатыны айтылды.
Сондай-ақ, аталған ведомстводан хабарлағандай, қазақстандықтардың 9,5 пайызы тұмауға қарсы вакцина салғызған.