Бір қамшымды жылқы беріп сатып алды – ақтөбелік шебер

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ата кәсіпті қолға алған шаруа Бәтихан Тауманов қамшы жасайды. Шебер бағалы бұйымға тапсырыс беруші адамдардың артып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұғалжар ауданының Талдысай ауылында төрт түлік бағып отырған кәсіпкер ұлттық қолөнер шебері атанған. Ауылда қамшы өріп, жасайтындар некен-саяқ. Сондықтан болар Бәтихан Таумановты танитындар оның шеберлігіне тәнті болып, жиі тапсырыс береді.

«Қамшы өруді әкеміз үйретті. Балаларымды жаныма алып, оларды да қолөнерге баулыдым. Қамшыны достарымызға сыйлаймыз. Шынымды айтсам, біздің ауылда қамшы жасайтын адам жоқ. Сұраныс көп, біздің уақытымыз аз. Бір жолы бір адам жылқы беріп, бір қамшыны сатып алды. Кәсіпкерлер де қалап алады», - деді шаруа Бәтихан Тауманов. Шаруаның айтуынша, атадан балаға мирас болған қамшы, шыбыртқы отбасылық жәдігерге айналған. Қайысты Бәтихан Таумановтың анасы дайындап береді. Жасы 80-нен асқан кейуана әлі де қайратты.

«Қара бидайдан быламық жасап, бөшкеге құямыз. Быламық ашиды. Түйенің терісін ашымыққа салып, 10-15 күн жылы жерде ұстаймыз. Тері түгел батуы тиіс. Анда-санда араластырып қоямыз. Кейін тері ағарады. Аязды күні жылы суға шайып, далаға жайып тастаймыз. Бір аптада аязға қатып қалады. Балалар уқалайды, икемге келтіріп илейді, таспалап тіледі. Сөйтіп қамшы өреді. Қайыс дайындау әдісін келініме үйреттім», - деді Зоя Тауманова.