Біріккен Ұлттар Ұйымынсыз жаһандағы жағдай әлдеқайда мүшкіл болатындығы даусыз - Қ.Тоқаев (ФОТО)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ болмаса жаһандағы жағдай әлдеқайда мүшкіл болатындығы даусыз. Бұл туралы бүгін Астанада Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де өтіп жатқан «БҰҰ және ЮНЕСКО: Жасампаздықтың 70 жылдығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мерейтойына орай өз құттықтауын жеткізген ол: «БҰҰ үлкен межеге жетті, жетпіс жылдығына келді. Бұл тарихи оқиға, өйткені біздің ортақ ұйымымыз. БҰҰ-ның арқасында Қазақстан егеменді ел мәртебесіне ие болды, бүкіл дүниежүзінде мойындалды. Сондықтан да бүгінгі отырыстың тақырыбы өте орынды және өзекті деп санаймын», - деді. Осы орайда Қ.Тоқаев БҰҰ - бұл бірегей, баламасы жоқ ұйым екенін атап өтті. «БҰҰ қазіргі заманның ең өзекті мәселелері бойынша келіссөздер мен пікірталастар жүргізіп, салмақты тұжырымдар ұсынудың әмбебап және теңдессіз алаңы ретінде бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты сақтау ісіне айрықша үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған ұйым жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыруға айрықша ықпал етті. Қырғи-қабақ соғысқа қарамастан, бұл жүйе жаһандық тепе-теңдікті сақтап, жаңа әлемдік соғысқа жол берген жоқ»,- деді Сенат Төрағасы. Сонымен қатар ол қазіргі әлем тәртібі әрине, кемеліне жетпегенін, дүниежүзін қарама-қайшылықтар, сын-қатерлер, түйіні шешілмеген мәселелер жайлағанын жеткізді. «Алайда БҰҰ болмаса, жаһандағы жағдай әлдеқайда мүшкіл, адамзаттың өмірі мен амандығы үшін әлемде анағұрлым қауіптірек болатындығы даусыз»,- деді Қ.Тоқаев.