АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірінші лига командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының 17-турында Алматының «Хан Тәңірі» командасы өз алаңында «Ақжайықты» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қос клуб гол соғуға тырысқанымен, көпке дейін есеп ашылған жоқ.
Ойын соңына таман 80-минутта алаң иелерінен Рашид Люхай қонақтар қақпасының кілтін таба білді. Дегенмен үш минуттан кейін «Ақжайықтан» Бақдәулет Көңілімқос қақпашы қайтарған допқа бірінші жетіп, таразы басын теңестірді – 1:1.
Б.Көңілімқос осымен үш матч қатарынан мергендік танытып отыр.
Турнир кестесінде 32 ұпаймен бұрынғыша үшінші сатыда келе жатқан оралдықтар келесі турда 3 тамыз күні өз алаңында Астананың «Жеңісін» қабылдайды.
Көш басындағы Семейдің «Елімайы» «Жас қыранды» 2:0 есебімен ұтып, ұпай санын 44-ке жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бірінші лигада «Ақжайықтың» «Екібастұзды» ірі есеппен тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).