Бішкектен шыққан «Боинг-707» ұшағы Иранда апатқа ұшырады
13:19, 14 Қаңтар 2019
КЕРЕДЖ. ҚазАқпарат - Иран астанасы Тегеран қаласының маңында «Боинг-707» ұшағы құлап, он адам қаза тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ИРНА агенттігіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Тегеранның батысында, Әлборз провинциясында орналасқан «Фатх» авиация базасында болған. «Боинг-707» ұшағы Бішкектен Иранның Пайам Кередж әуежайына бара жатқан.
«Құлаған жолаушылар ұшағы емес», - дейді төтенше жағдайлар агенттігінің өкілі Миджитаба Халиди.
Алдын ала деректерге қарағанда, ұшақ бортында болған он адамның барлығы қаза тапқан.
Желіде тараған видеолардан ұшақ құлаған жерден қою түтін шығып жатқаны көрінеді.