Алдымен, Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы қабылданды. Онда қылмыстық және әкімшілік рақымшылық қарастырылған.
Кейін брифингте журналистер Ішкі істер министрінің орынбасарына резонанстық істер бойынша сотталған азаматтар жөнінде сауал қойды. Нақтырақ айтқанда, Қуандық Бишімбаев, Кәрім Мәсімов және Перизат Қайрат туралы сұрады.
– Сіз атаған азаматтар рақымшылыққа ілікпейді. Өйткені, ҚР ҚК 78-бабы терроризм, экстремизм, мемлекетке опасыздық жасау, жемқорлық, қылмыстық топтардың құрамында болу бойынша сотталған азаматтарға амнистия жасауға тікелей тыйым салады. Сондықтан аталған тұлғалардың рақымшылыққа ілінуі жөнінде мәселе қозғалып жатқан жоқ және қозғалмайды да, – деді Санжар Әділов.
Айта кетейік, бұған дейін биыл 15 мың қылмыстық жазасын өтеушіге рақымшылық жасалатынын жазғанбыз.
https://kaz.inform.kz/news/biilgi-kilmistik-rakimshilik-15-min-adamga-katisti-boladi-m-4403c026/