Биткоин құны құлдырап барады

Фото: bitcoinmagazine.com

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдегі ең ірі криптовалюта – биткоинның бағасы 12%-ға арзандады. Қазір оның бір монетасы – 64 000 доллар, яғни 2024 жылдың қазан айындағы деңгейіне түскен. Бұл жөнінде NBC News хабарлады. 

CoinMarketCap дерегінше, биткоин 2025 жылдың 6 қазанында монетасына 125 000 долларға бағаланған. Демек, сол кездегімен салыстырсақ, қазір 1,2 трлн доллардан астам құнын жоғалтқан. Бұған инвесторлардың сенімсіз валюта – криптовалюта мен технологиялық компаниялардың акцияларынан бас тартуы себеп болып отыр. Олар қаржысын алтын тәрізді дәстүрлі активтер түрінде сақтауға көшкен.

Биткоинның бағасы 2025 жылдың ақпан айымен салыстырғанда 35%-ға түскен. Ал алтынның құны, керісінше, 70%-ға өскен.

Биыл алғашқы бірер айдың өзінде алтын 11%-ға қымбаттаса, ал биткоин 26%-ға арзандады.

Ең ірі биткоин сақтаушы компания Strategy-дің акциялары 17%-ға құлдырады. Өйткені, аталған ұйым қаржысын жылдар бойы биткоин түрінде жинап келген. Енді қазір 713 000 монетасы бар. Әрқайсысы 76 000 долларға бағаланады.

Сондай-ақ биткоиннің арзандауы салдарынан АҚШ-тағы ең ірі криптовалюталық биржа – Coinbase-дің акциялары арзандаған. Circle қаржылық компаниясы мен Robinhood сауда платформасы да дәл осындай зиянға ұшырады.

Еске салсақ, бұған дейін де биткоин бағасының үздіксіз құлдырап бара жатқанын жазғанбыз.

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА