Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2013 жылғы жазғы маусымда оқушыларды сауықтыру, олардың бос уақытын, демалысын ұйымдастыру бойынша баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.
«Бүгінгі таңда жұмыс жоспары әзірленген және қажетті нормативтік-құқықтық база бар. Үлкен жұмыстар атқарылды. 2,1 млн. немесе 92 пайыздан астам балалар мен жасөспірімдер жазғы сауықтыру демалысымен және бос уақытты ұйымдастырудың барлық нысанымен қамтылады», - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, жалпы оқушылар контингенті 2,3 млн. баланы құрайды. Бұл өткен жылдарға қарағанда жоғары. Балаларды сауықтыру демалысымен және олардың бос уақытын қамту 2 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша 1,3 миллионға жуық баланы сауықтыру жоспарланған. Барлығы 10487 сауықтыру лагері қызмет көрсететін болады.
«Екінші бағыт бойынша балалардың бос уақыты мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруда 9 мың мектеп жанындағы алаңдар, аула клубтары және қызығушылығы бойынша үйірмелер жұмыстарын бастайды», - деді Б.Жұмағұлов.