Биыл арақ пен темекіні заңсыз сату бойынша 3 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды - ІІМ

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Биыл алкоголь ішімдіктерін сату бойынша 1,6 мыңнан астам, ал темекі өнімдерін сатумен байланысты 1,2 мың құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов айтты.

Оның айтуынша, қылмысқа «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру аясында ҚР ІІМ «Нұр Отан» ХДП-сымен бірлесе отырып, «STOP Қылмыс» акциясын өткізді. «Жас Отан» Жастар қанатымен бірлесе отырып, кәмелетке жасы толмағандарға алкоголь мен темекі сату фактілері анықталды, мектептерде күшпен ақшаны тартып алуды тоқтатуға бағытталған рейдтер, «Сақ бол, жаяу жүргінші», «Түнгі қаладағы балалар», т.б. акциялар жүргізілді.