Жылу электр орталықтарын салу жоспары туралы бұған дейін де айтылды. Атап айтқанда, 2023 жылдың соңына дейін Астанада үшінші жылу электр орталығын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газға ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Аталған істі «СамұрықЭнерго» атқарады. Газға ауысқаннан кейін жылу орталығының қуаты артып, экология мәселесі де оң шешімін таппақ, -
деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Сондай-ақ,Үкімет басшысының айтуынша, Қызылордада ЖЭО салатын инвестор нақтыланды. Ал, Түркістан облысындағы жылу электр орталығы газға көшірілмек.
Аталған жобалар 2025 жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс. Сондай-ақ, бүгінде Энергетика министрлігі Көкшетауда ЖЭО салу бойынша тендер өткізіп жатыр. Жоспар бойынша жаңа орталық 2027 жылы пайдалануға беріледі. Семейде ЖЭО салу бойынша техникалық-экономикалық құжатты әзірлеу жұмысы басталды. Пайдалануға 2027 жылы берілмек. Бұған дейін тарифтің орнына инвестиция құю бағдарламасы туралы айтқан болатынбыз. Бағдарлама алдағы 5 жыл бойы қолданыста болады. Жалпы, барлық инфрақұрылым бойынша (электр, су, жылу) желілердің тозу көрсеткішін 20 пайызға азайтуды көздеп отырмыз, -
дейді Премьер-Министр.