Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша 600 стипендия беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша 600 стипендия беріледі. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссиясының кезекті отырысы алдында еліміздің Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.

«Бүгінгі отырыс барысында үміткерлердің кезекті тобына стипендия тағайындалатын болады. Бұған қоса, ағымдағы жылы комиссияның бірнеше отырысы өтіп, онда тағы да стипендиялар бекітіледі».

Сонымен қатар ол республикалық комиссия отырысында Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселесіне баса назар аударылатындығын атап өтті. Оның айтуынша, ұлт жоспарында халықаралық қаржы орталығын, арбитраждық орталық құру мәселелері қарастырылған. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы аясында аталған бағыттарды кадр дайындауға баса назар аударылады.

«Жоспарға сәйкес ағымдағы жылы 600 стипендия тағайындау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта шамамен 140-ы берілді, қалғаны қарастырылады. Мемлекет басшысы атап өткен Астанада құрылатын халықаралық қаржы орталығын айтар болсақ, онда бізге бұл бағытта аталған орталықта жұмыс істейтін заңгерлер, қаржыгерлер мен экономистер қажет болады. Сондықтан осы мамандықтарға баса назар аударылады», - деді Т.Балықбаев.