Биыл елімізде алаяқтықтың 30 мыңнан астам фактісі анықталды - ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың 10 айында алаяқтықтың 30445 фактісі тіркелді. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте айтылды.

Белгілі болғандай, олардың көбі Астана, Алматы қалаларында, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында жасалған. Алаяқтық әрекеттердің негізгі бөлігі (85,6% немесе 26073) шағын және ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады. Ауыр қылмыстар санатындағы алаяқтық фактісі 14,4 пайызды (4372) құрады.

ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бөлім басшысының сөзіне қарағанда, алаяқтық жолмен мүлікті ұрлау тауарлар мен қызметтерді тұтыну нарығында ден алып отыр, мұнда жеке адамдарға да, заңды тұлғаларға да елеулі материалдық және моральдық шығын келтірілген. Алаяқтардың негізгі мақсаты бөтен мүлікке құқықтарды алуға бағытталған (ақшалай қаражат, пәтерлер, гараждар, саяжайлар, автомашиналар және т.б.).

Мәселен, алаяқтар, көбінесе халықтың сенімін пайдаланып, газеттер мен басқа БАҚ құралдарындағы хабарландырулар бойынша тұтынушылық несиелер алып беруді ұсынады.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Ақтөбе облысында Астана қаласының тұрғыны ұсталды. Бұл әйел алдау арқылы сот тыйым салған пәтерлерді сатамын деп азаматтардың жалпы сомасы 46 млн. 525 мың теңге ақшасын иемденіп кеткен. Қазіргі кезде ол жазасын өтеп жатыр.