Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 35 053 білім беру гранттары бөлінді - Б. Жұмағұлов

АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 35 053 білім беру гранттары бөлінді. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Биыл экономикалық жағдайды, индустриалдық-инновациялық бағдарламаны, ЭКСПО-2017 шарасы мен әлемдік универсиаданың бізде өтетінін есепке ала отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы саны 35053 орын болып отыр. Ол былтырғы жылға қарағанда, 738 грантқа көп. Биыл 68742 бала конкурсқа қатысады, оның ішінде қазақ тілінде - 51707, орыс тілінде - 7035 бала», - деді Б.Жұмағұлов.

Ол гранттардың 12 мыңға жуығы техникалық ғылымдар мен технологиялық мамандықтарға, 6700-і педагогикалық, 2630 грант ауыл шаруашылығы мен ветеринариялық мамандықтарға, бөлінді. Сонымен қатар биылдан бастап дене тәрбиесі және спорт мамандығына тапсырыс 1 мың грантқа дейін ұлғайтылды.

Министрдің айтуынша, конкурсқа қатысушылардың арасында 50997 талапкер ҰБТ-ның, 16072 талапкер - кешенді тестілеудің, 1308 талапкер - халықаралық олимпиадалардың, 365 талапкер - Назарбаев зияткерлік мектебінің сертификатымен қатысуда, сондай-ақ 469 жетім бала, 319 мүгедек бала бар. Олардың білім гранттарын тағайындау кезінде басым құқықтары бар. Конкурсқа орташа алғанда бір грантқа 2,3 бала таласады.

«Биыл ҰБТ өте жоғары деңгейде өтті. Кешенді тестілеу былтыр бірінші рет өтті, биыл да колледж бітірген түлектердің көрсеткіштері жаман емес деуге болады», - деп түйді сөзін ведомство басшысы.

Министрліктің мәліметтері бойынша, биыл мектепті 143 409 бала аяқтаған. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 95 455 адам қатысты. Тестілеуді 67 990 түлек сәтті тапсырған.