Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы үш жылда Петропавлды көркейтуге 4,4 млрд теңге жұмсалған. Абаттандыруға бөлінетін қаржының көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, биыл облыс орталығына 2014 жылмен салыстырғанда 6 есе көп қаржы жұмсалды, яғни 246 млн-нан 1,5 млрд теңгеге дейін өсті. Қала бюджеті де 2017 жылдан бері шамамен екі есеге артып 65 млрд теңгеге жетті.
«Бюджеттің көбеюі бізге ауқымды жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді. Қаладағы оң өзгерістерді әр тұрғын байқады десем, артық айтпаймын. Аулалар жөнге келтірілді. Жаяу жүргіншілер жолы істеліп, тегін автотұрақтар пайда болды. Балалар және спорт алаңдары салынды. Қазір облыс орталығындағы аулалардың 80 % асфальтталған. Әр екінші аулада балалардың ойын алаңы бар. 31 көшеге заманауи жарық орнатылды», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысы Петропавлдағы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын өзі барып көріп, бақылайды. Бұл жолы вокзал маңындағы жаңарған алаңда болды.
Бұл алаң бүгінде танымастай өзгерген. Субұрқақ іске қосылып, әдемі көше шамдары қойылды. 4 мың шаршы метрге газон төселіп, ескі павильондар алынды. Енді Петропавл қонақтары бұл жерден өз қаласының аты бар орындықты таба алады.
«Петропавлда 2 орталық парк бар. Бұл - Петропавл үшін жеткіліксіз. Биыл Петропавлда 5 жаңа саябақ пайда болады. Олардың екеуі ашылды. Қаланың әр ауданында салынып жатыр. Мәселен Береке ықшам ауданында салынып жатқан саябақтың орнында бұрын батпақ, қоқыс болған. Қараша айында жұмыстар аяқталады. Тұрғындар субұрқақты тамашалап, гүлге бөленген бақта дем алады. Амфитеатр, демалыс аймағы, балалардың ойын және спорт алаңы, жүгіру жолы мен альпинарий болады», - дейді Құмар Ақсақалов.
Петропавлдағы Динамо стадионы да күрделі жөнделіп жатыр. Тұрғындарға, соның ішінде жастарға арналған спорт тернажерлері пайда болмақ.
«Келер жылға да ауқымды жоспарымыз бар. Брусиловский көшесінегі саябақтың құрылысы жалғасады. Жуков көшесінде спорт тернажерлері бар алаң ашамыз. Мещан орманында шағын стадионы бар спорт алаңын пайдалануға береміз. Қуыршақ театрының жанындағы ескі үйлерді сырып, оның орнында да бір саябақ пайда болады. Келесі жылға үлкен жобамыздың бірі – Спорт сарайының құрылысы, № 8 мектеп жанынан салынады. Оның да қасынан тұрғындарға демалыс орнын ашамыз», - дейді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Бұған дейін Петропавлда теміржол вокзалының күрделі жөнделіп жатқанын айтқан едік.