Биыл Транскаспий халықаралық көлік дәлізінен 2 млн тонна жүк өткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк өткізу 10 млн тоннаға жетеді. Бұл туралы елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министрдің айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

«Былтыр жүк көлемі 2 есеге өсіп, 1,7 млн тоннаға жеткен. Әзербайжан, Түркия және Грузия қабылдаған жол карталарын іске асыру нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінен биыл 2 млн тонна жүк өткізіледі. Ал 2025 жылға дейін жалпы өткізу қабілеті 10 млн тоннаға дейін жеткізіледі», - деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек ол туризм саласында құны 290 млрд теңге болатын 100-ден астам инвестициялық жоба іске асырылатынын айтты. Осы бағытта және 5,7 мың жаңа жұмыс орыны ашылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Премьер-Министр Қазақстан экономикасының өсуі осы жылдың I тоқсанында 4,9%-ды құрағанын айтты.

Қазақстанның халықаралық резервтері 94 млрд АҚШ долларын құрады. Атап айтқанда, былтырдың басынан бері Ұлттық қордың активтері 3 млрд долларға өсіп, 58 млрд долларға жетті.