«Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде қылмыстың осы түрін төмендетудің тұрақты үрдісіне қол жеткенін атап өткен жөн. Биыл оның саны 17 пайызға төмендеді, ашылуы 60 пайызға дейін жақсарды. Ұрланған 5 мың мал басының 3 мыңға жуығы немесе 56 пайызы табылып, заңды иелеріне қайтарылды», - деді Құдияр Нұрсейітов министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның атап өтуінше, министрліктің бастамасымен жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыреті берілді.
Соған сәйкес малды бақылаусыз жаюға тыйым салынды.
Бұл тыйымды бұзғаны үшін 3-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл белгіленді.
«Мал ұрлығын анықтау және оның жолын кесу мақсатында министрлік ветеринариялық бақылау қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен тұрақты түрде жедел-профилактикалық шаралар өткізіп тұрады. Мал ұрлығының топтық түрімен күресу үшін өңірлерде тұрақты негізде жедел-іздестіру топтары жұмыс істейді»,- деді ол.