Биыл жазда «Кәсіпқор» холдингі арқылы 2 мың 600 колледж мұғалімі даярланады - БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл жазда «Кәсіпқор» холдингі арқылы 2 мың 600 колледж мұғалімі даярланады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте тегін техникалық және кәсіби білім беру тетігін енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

Министрдің сөзіне қарағанда, алдағы басты мақсат - 2019 жылға дейін Қазақстандағы барлық кәсіби техникалық колледждерге жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу. Осыған байланысты жақын аралықта колледждерді кредиттік-модулдық жүйеге көшіру жоспарланған. Бұл техникалық колледждер мен жетекші білім мекемелерінің сабақтастығын қамтамасы етеді.

«Бұнда екі негізгі мәселеге назар аудару керек: бірінші - біз колледждердің ішкі мазмұнын жаңартамыз, сонымен қатар, модулдық жүйеге бір жағынан көше береміз. Қазіргі күні «Кәсіпқор» холдингі 45 модулдық білім беру бағдарламасын, ал Дүниежүзілік банкпен әріптестік ретінде 147 жоба әзірленген. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап, біз «Кәсіпқор» холдингінің білім беру бағдарламасын республиканың барлық колледждеріне енгізуді бастайтын боламыз. Яғни, бұл барлық мемлекеттік және жеке меншік нысанындағы колледждер үшін бірдей жүретін болады», - деді министр.

«Биылғы жылдың өзінде «Кәсіпқор» холдингі осы жазда колледждер үшін 2 мың 600 мұғалімін даярлайтын болады. Олар осыған дайындалуда. Бұл сандар алдағы уақытта өсе түседі», - деді ол.