Биылғы жылдың алғашқы бес айында жол-көлік оқиғасы 16,8 пайызға азайған-Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында биылғы жылдың алғашқы бес айында жол-көлік оқиғасы 16,8 пайызға азайған. Бұл туралы облыстық мәслихаттың өткен үшінші кезекті сессиясында 2016 жылдың 5 айы ішінде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Жанбай Омаров айтты.

Заңнамаға сәйкес жергілікті полиция қызметінің басшылары мерзімдік есеп беру, дәлірек айтсақ: жылына кемінде екі рет - әкімдіктер мен мәслихаттар алдында және жылына бір рет - халық алдында есеп беруі енгізілгенін еске сала кетейік.

«Өткен мерзімде жол-көлік оқиғалары 16,8 пайыз, опат болғандар саны 28,1 пайыз және жарақат алғандар көрсеткіші 19,6 пайызға төмендетуге қол жеткізілді.

Жергілікті полиция қызметінің саптық құрылымдарының жұмысының тиімділігін арттыру нәтижесінде Жол қозғалысының ережесін бұзуды 4 пайызға соның ішінде өрескел құқық бұзушылықтар 7 пайызға анықтау бойынша жұмыс белсендірілді.

Көшелер мен қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын, қоғамдық тәртіпті сақтауды, сондай-ақ қылмыс пен құқық бұзушылыққа жылдам әрекет етуді жүзеге асыру үшін облыста патрулдеудің 284 маршруты, соның ішінде 46 көліктік, 214 жаяу, 19 ат және 5 стационарлық бекеті (күн сайын патрулдеудің 145-тен 160-қа дейін маршруты жүріп өтіледі) әзірленді.

Солардың тікелей қатысуымен жылдың басынан көшелер мен қоғамдық орындарда жасалған 1 мың 277 қылмыс (2015ж.-1079) ашылды, соның ішінде «ізін суытпай» 268 қылмыс (2015ж.-217) ашылды.

Осылармен қатар, ЖПҚ қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін бұзушылықтың алдын алуға және әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға бағытталған кешендік шаралар қолданылып жатыр.     

Жыл басынан бері жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 78 мыңнан астам, соның ішінде 20 мыңға жуығы қоғамдық тәртіп, соның 5 мыңы алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу, 1 мыңнан астам факті ұсақ бұзақылық, 1 мыңнан астамы тыйым салынған жерлерде темекі шегу, 300 құқық бұзушылық қоғамдық орындарда жармасу, 500 факті тыныштықты бұзу және 3 мыңы абаттандыру ережесін бұзу сияқты әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты анықталды.

Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде көшедегі 6,8 пайыз  және отбасы-тұрмыстық қатынас саласында 25 пайыз қылмыс деңгейін төмендеуіне қол жеткізілді.

Сонымен бірге, ауыр қылмыс 12 пайыз және аса ауыр 32 пайыз, оның ішінде кісі өлтіру 39 пайыз және ауыр дене жарақатын келтіру 19 пайыз, соның ішінде өлімге алып келген 10 пайыз, зорлау 26 пайыз, қарақшылық 38 пайыз, күштеп алу 25 пайыз, бұзақылық 23 пайыз, алаяқтық 23 пайыз, мал ұрлығы 37 пайыз,  ұялы телефондарды ұрлау 7 пайыз төмендеуге қол жеткілді», деді Жанбай Омаров өз сөзінде.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарында құқық тәртібі және заңдылық мәселесіне ерекше назар аударылған.

Ұлт жоспарында: «Екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде.

Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі мен жаңа «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді.

Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.

Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе - сапалы судьялар корпусын жасақтау.

Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.

Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс.

Судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады.

Осымен байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттілігі кеңейтілген автономды мемлекеттік мекемеге айналатын Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды.

Сот реформасының маңызды қыры - сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өту.

Тек бірінші, апелляциялық және кассациялық инстанциялар қалады. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтілетін болады. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады.

Қазақстандағы сот төрелігі азаматтардың жеке өмірінің құпиялығына кепіл құқын есепке ала келгенде барынша ашық бола түседі.

Сот залдары сот істерін аудио және видеожазудың аппаратураларымен жарақтандырылады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді.

Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді.

Сот жүйесін реформалау шеңберінде бірқатар институттық шешімдер жұмыс істей бастайды.

Біріншіден, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылады.

Сот жюриі азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне және судьялық корпус өкілдерінің қабылданады деп күтіліп отырған Этикалық кодексті бұзу жағдайларына байланысты арыз-шағымдарын қарайтын болады.

Екіншіден, Жоғарғы Сот жанынан дауларды, оның ішінде, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін мамандандырылған алқа құрылатын болады.

Оның шеңберінде шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады.

Үшіншіден, қылмыстық іс жүргізу шеңберінде соттарда, оның ішінде сотқа дейінгі кезеңде, айыптау мен қорғау арасында теңгерім қамтамасыз етілетін болуы тиіс.

Бұған адамның конституциялық құқы мен бостандығын шектейтін тергеу судьясының барлық тергеу әрекетін санкциялау бойынша өкілеттіліктерін одан әрі қарай кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады.

Төртіншіден, қазақстандық соттардың төрағалары - құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екенін ұмытпау маңызды.

Сондықтан олардың тарапынан басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі мүлдем болмайды.

Бесіншіден, мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңімен қысқарту арқылы жеке сот орындаушыларының институты одан әрі дамытылады.

Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтатын шаралардың маңызы ерекше.

Менің тапсырмам бойынша бүгінде құрметті зейнетке шыққан судьяларды зейнетақылық қамтамасыз ету бойынша барлық мәселелерін шешуді қарастыратын заң қабылданғаны белгілі. Бұл судьяларға бар күш-жігерін сот төрелігін барынша объективті атқаруға аудару мүмкіндігін береді.

Бұдан бөлек, бізге барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізуіміз қажет.

Бұл үшін жергілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылады. Осындай қызмет тұтастай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше бірқатар елдерде өзін жақсы танытты.

Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр.

Осы жаңалықтар жаңа заңнамада көрініс тапқан. Онда, сондай-ақ, азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полициялардың үстінен түсірген арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік-кеңестік органдар жүйесін құру қарастырылған.

Сондай-ақ, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталы құрылатын болады. Мұндай тетік әлемнің бірқатар елдерінде табысты қолданылып келеді. Осы веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жедел енгізіледі. Бұл жұртшылықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді.

Пенитенциарлық жүйені жақсарту көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту шеңберінде жүргізілуі тиіс.

Шетелдердің табысты тәжірибелері жеке секторды пенитенциарлық мекемелерді салу мен пайдалануға тарту жөніндегі шараларды жүзеге асырудың негізі болуы тиіс.

Сондай-ақ, бұған дейін заңнан аттап, сонысы үшін жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал ету маңызды.

Бұл үшін әлеуметтік оңалту кешенді дамытылып, жазасын өтеп жатқан азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілетін болады.

Тұтастай алғанда, Қазақстанда құқықтық мемлекеттің орнықтырылуы - біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз. Белгіленген шаралар мен қадамдарды жүзеге асыру азаматтардың, сондай-ақ, шетел инвесторларының ұлттық сот және құқық қорғау жүйесіне сенімін арттырып, тұтастай алғанда, еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартады» делінген.