БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, марқұмның әйелі мен ұлы әрқайсысының пайдасына 10 млн теңге көлемінде моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы сотқа жүгінді.
Талап арызда ер адам Бәйтерек ауданының №2 ауруханасында дәрігердің бақылауында болып, 2023 жылғы желтоқсаннан 2024 жылғы 15 тамызға дейін ем қабылдады, алайда оған сапасыз медициналық көмек көрсетілді делінген. Оған медициналық көмектің бұзушылықтармен көрсетілгені тексеру материалдарымен расталады. Атап айтқанда, жалпы тәжірибе дәрігері зертханалық зерттеулер нәтижелерін тиісінше түсіндірмеген. Денсаулық сақтау министрлігі диагностика және емдеу хаттамаларының ұсынымдары сақталмаған. Пациент бейінді мамандардың (гастроэнтеролог, инфекционист, гепатолог, хирург, травматолог) консультацияларына уақтылы жіберілмеген. Сондай-ақ патогистологиялық қорытынды алынғаннан кейін онкологқа дер кезінде жолдама берілмеген. Кейін ол онкологиялық дерттен көз жұмған.
Сот отырысында жауапкер – Бәйтерек ауданының №2 ауруханасы өкілі талап қоюды мойындамай, медициналық қызметтердің толық көлемде көрсетілгенін жеткізді. Сараптамалардың қорытындылары ауру мен медицина қызметкерлерінің әрекеттері арасында себептік байланыс бар екенін растамайды, ауру жасырын түрде дамып, болжамы қолайсыз болғанын көрсетті. Жазбаша пікір ұсынып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
Сотта дәрігер де талап арызбен келіспейтінін білдірді. Науқас қара түсті нәжіс пен құсуға шағымданып жүгінген. Оған ФГДС-дан өту және қан тапсыру ұсынылған. Бұған дейін пациент скринингтен өткен. Қабылдауға өзі бір рет келген, кейін жұбайы келген. Науқастың жағдайы нашарлаған кезде үй жағдайында патронаж жүргізілген. Диагноз уақытылы қойылмағанымен, жалпы қан талдауының нәтижелері аса қауіпті болмаған. Өз тарапынан қолдан келгеннің барлығын жасағанын айтып, талап арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
Сот талап қоюшының медицина қызметкерлерінің өз лауазымдық міндеттеріне адал қарамауы, медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзуы туралы уәждерін негізді деп есептеді. Оған қоса зертханалық талдаулардағы өзгерістерге дер кезінде назар аударылмаған. Науқастың шағымдары мен денсаулық жағдайының үдемелі нашарлауына мән берілмеуі онкологиялық аурудың кеш анықталуына және ер адамның кенеттен қайтыс болуына әкеп соқтырған.
Бәйтерек ауданының №2 ауруханасы дәрігерінің әрекеттерінен талап қоюшыларға моральдық зиян келтірілген деп есептейді, өйткені марқұмға сапасыз қызмет көрсетілген. ҚР Азаматтық кодексінің 921-бабына сәйкес медицина қызметкерлері жіберген бұзушылықтар үшін жауапкершілік ауруханаға жүктеледі.
- Сот талап қоюшылардың ең жақын адамы – әкесі мен жұбайынан айырылуы салдарынан үлкен қайғы-қасірет шеккенін ескеріп, моральдық зиянды өтеу туралы талаптарын ішінара қанағаттандыру қажет деп тапты. Олардың әрқайсысының пайдасына моральдық зиянның өтемақысы ретінде 700 мың теңгеден өндіруге шешім қабылдады. Шешім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да алаяқтық жасаған шенеунікке 7 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.