Алдымен елшіні Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, онда өзара тиімді байланысты нығайту мәселелері талқыланды.
Содан кейін әзербайжандық делегация өңірлік кәсіпкерлер палатасында облыс кәсіпкерлерімен кездесіп, пікірлесті.
Рашад Маммадовтың айтуынша, Батыс Қазақстан облысының экономикалық мүмкіндіктері мол. Басты мақсат - сауда және басқа саладағы қарым-қатынасты өрістетіп, инвестиция әкелу, бірлескен кәсіпорындар құру. Мысалы, Әзербайжан елінен Батыс Қазақстанға өнімдер жеткізуге болады. Сол секілді осы өңірден батысқазақстандықтар шикізаттан дайын өнімге дейін жөнелте алады. Бұл үшін барлық мүмкіндік бар. Осы жолы Әзербайжанның экспорттық әлеуеті таныстырылса, БҚО-дағы өнеркәсіп орындарының да күш-қуаты жеткілікті.
Әзербайжан елі тәуелсіздік алғаннан бері көлік инфрақұрылымы саласында ірі жобалар жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қажетті техникамен қамту үшін агропарктер құрылды. Туысқан Қазақ елімен тығыз байланыс орныққан. Қазақстан азық-түлік өнімдерінен бастап электр техникалық құрылғыларға дейін экспорттаса, Әзербайжаннан келетін импорт та аз емес. Айталық, Әзербайжан елі астық сатып алады. Міне, осыны олар өз қажеттері үшін Батыс Қазақстан облысында өсіре алар еді. Мұндай тиімді қарым-қатынас үшін, әрине, бірлескен кәсіпорын ашудың маңызы зор. «Біздің кәсіпорындар базасында инвестициялар тарта отырып, жаңа өнім түрлерін шығаруға болады», деді Р.Маммадов.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің сөзіне қарағанда, шаруашылықтар мен өнім өңдеумен айналысатын кәсіпорындар Әзербайжан еліне астық пен макарон, ет өнімдерін, қымыз бен шұбат, тері мен жүн шығаруға дайын. Бұл ретте әзербайжандық ет өңдеу кәсіпорындарының 90 пайызы импорттық шикізатпен жұмыс істейтінін ескерген жөн.
Өңір кәсіпкерлері кездесу барысында өз ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісіп, Ақтаудағы теңіз портында орналасқан логистикалық орталық мүмкіндігін кеңірек пайдалану керектігін атап өтті.
Әзербайжан делегациясы сапар барысында Қазақстан халқы БҚО ассамблеясында да болып, тыныс-тіршілігімен танысты.