ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы облыстық балалар үйінде ҚХА жылына арналған мерекелік шара өтіп, онда тәрбиеленушілер концерт қойды.
Мейрам қонақтарының бірі Виталий Ан корей этномәдени бірлестігі атынан туғаннан эпилепсиямен ауыратын 12 жасар Арманға қымбат емдеу аппаратын табыс етті. Облыстық балалар үйінің директоры Раиса Наурызованың айтуынша, аталмыш кәсіпкер бірнеше жылдан бері қолұшын созып келеді. Шара барысында В.Ан мен балалар үшін қазақ ұлттық киімдерін тігуге демеушілік көрсеткен Наталья Хегайға алғысхат тапсырылды.
Концерттік бағдарламаны ашқан Владимир Сарафутдинов мемлекеттік тілде ән шырқады. Содан кейін балалар қазақ, орыс, корей халықтарының билерін орындады. Өлеңдер мен әндерге Отан, ұлттар достығы мен ел бірлігі арқау болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).