ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, кеше сағат 18.20 шамасында Атырау-Орал автожолының 209-шақырымында Атыраудан Оралға бет алған 1967 жылғы У. деген азаматша «Мерседес» көлігінің руліне ие бола алмай, 1991 жылғы А. деген жүргізуші айдап келе жатқан «Газель» автокөлігімен соқтығысуға жол берді.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жол апаты салдарынан қос жүргізушімен бірге үш жолаушы қаза тапты. Оған қоса тағы бір жолаушы Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның нәтижелері кейін хабарланады.
Айта кетейік, биыл жыл басынан бері бұған дейін Орал-Атырау жолы бойында 23 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 7 адам көз жұмса, 26-сы түрлі дене жарақатын алған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).