ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуровтың мәлім еткеніндей, өңірде экологиялық мәселелер бойынша жүргізілген сыртқы талдау қорытындысына сәйкес 9 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, 21 ұсыныс берілді.
Оның сөзіне қарағанда, облыс аумағында тек 8 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында ғана рұқсат құжаттары бар. Қалған 139 полигон экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес келмейді, тиісінше олар заңсыз жұмыс істеуде.
- Қалдықтардың қоршаған ортаға әсері туралы декларацияламау, келіп түсетін қалдықтарды бақылау мен есепке алуды жүзеге асырмау, сондай-ақ қалдықтарды бөлу рәсімін сақтамау және полигондарда дезинфекциялаушы бетон ванналарының болмауына байланысты тәуекелдер анықталды. Бұл қоршаған ортаға зиянды әсер етіп, топырақ пен судың ластануына соқтыруы, сондай-ақ эмиссия үшін өтемақы алмау түріндегі мемлекетке залал келтіруі мүмкін, - дейді Ә.Сабуров.
Сонымен қатар департамент басшысы коммуналдық қалдықтарды рұқсатсыз жағуға қатысты алаңдаушылық танытты. Атап айтқанда, 2021 жылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында 40 (2021 жылы – 4, 2022 жылы – 12, 2023 жылы – 13, 2024 жылы – 11), соның ішінде табиғи полигондарда 7 өрт тіркелген.
- Мысалы, Орал қаласындағы сенімгерлік басқаруға берілген қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында жыл басынан бері коммуналдық қалдықтар үш рет жанған. Мұндай жағдай жылма-жыл қайталанып отырады. Біздің бастамамызбен аталған полигонда БҚО экология департаменті экологиялық заңнама талаптарының бұзылуына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Соның нәтижесі бойынша сенімгер басқарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды және анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқама берілді. Осылайша, баланс ұстаушылар тарапынан сенімгерлік басқарушылар бақыланбайды, бұл ҚТҚ полигондарының жүйелі түрде өртенуіне соқтырады, - деді Ә.Сабуров.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда басты экологиялық мәселе қандай екендігін жазған болатынбыз.