ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2,4 тонна балықты заңсыз тасымалдаған 2 автокөлік ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, аталған қылмыс «Бекіре» жедел алдын алу іс- шарасы аясында анықталды.
Орал-Атырау жолы бойында Ақжайық ауданы Ақсуат ауылы маңында 1976 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «Газель» автокөлігі тоқтатылды. Ол 1298 кг қара балықты заңды құжаттарсыз алып келе жатқан.
Сондай-ақ 14 сәуір күні сағат шамамен 20.00-де Теректі ауданы Подстепный ауылында салынып жатқан үйдің аумағында 1991 жылғы жүргізушінің автокөлігі ұсталды. Бұл автокөліктен тиісті құжаттары жоқ 1168 кг қара балық
шықты.
Тәркіленген мүліктер «Каспий Урал» ЖШС-на сақтауға тапсырылды.
Қазіргі кезде екі оқиға бойынша ҚР ҚК 196-бабы 1-бөлігіне (көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті иемдену немесе өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 2,5 тонна балық тиеп келе жатқан автокөлік ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).