ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында екі тұрғын үй қорасымен бірге өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін, сағат түскі 2 шамасында Жәнібек ауданы орталығы Жәнібек ауылында болды.
Әуелі Әбдірахманов көшесінде шөп қора жанған. Содан күшті желдің салдарынан өрт Б.Жәнекешев көшесі, 105 және 180-үйлерге ауысып, үй мен қора-қопсыларымен түгелдей жанып кетті. Оған қоса тағы екі үйдің қорасы мен бір үйдің гаражы отқа оранды.
Ірі өртті ауыздықтауға жергілікті тұрғындар, техникалармен қатар көршілес аудандар мен Орал қаласынан өрт сөндірушілер тартылды.
Сағат 18.12-де беті қайтқан өрттен зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да екпінді жел аудандық сот ғимаратының шатырын ұшырып әкеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).