БҚО-да 29 млн теңге жымқырған балабақша есепшісінің ісі сотқа жолданды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті прокуратураның үйлестіруімен өңірдегі балабақшалардың бірінде 29 млн теңгенің жымқырылуына қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады.

Фото: freepik.com

Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, тергеу деректеріне сәйкес мектепке дейінгі ұйымның есепшісі басшылықтың сенімін пайдаланып, балабақша меңгерушісінің электрондық цифрлық қолтаңбасына (ЭЦҚ) қол жеткізген.

Ол меңгерушінің ЭЦҚ-сын және бухгалтерлік бағдарламаны пайдаланып, өзіне негізсіз жалақы есептеп, қаражатты жеке банк шотына жүйелі түрде аударып отырған.

— Осының салдарынан мемлекетке 29 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Департамент ұйым басшыларына бюджет қаражатының жұмсалуын, жалақының есептелуін және ЭЦҚ-ның пайдаланылуын тиісті деңгейде бақылау керектігін еске салады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда сумен қамту жабдықтарын сатып алу барысында 421 млн теңге бюджет қаражатын жымқырудың жолы кесілгенін жазған едік.