БҚО-да 37 адам мінген автобус өртеніп кетті

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жол бойында автобустың жанып жатқаны түсірілген бейнежазба таралды.

Фото: видеодан алынған скрин

Бейнежазбада автобустан жолаушылардың шығып келе жатқаны көрінеді. Олардың арасында жасы ұлғайған адамдар, балалы әйелдер бар.

- Орал мен Қаратөбе арасында қатынайтын автобус. Әрең құтылып шықтық, - дейді жолаушылардың бірі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 8 тамыз күні кешке жедел кезекшінің пультіне Теректі ауданында Самара-Шымкент автожолының Шалқар көліне бұрылатын тұсында автобустың өртеніп жатқаны жөнінде хабарлама түскен.

- Автобус салонында 37 жолаушы болған. Олар қауіпсіз жерге өздері шыққан. Зардап шеккендер жоқ. Өрт БҚО ТЖД жеке құрамынан 8 адам және 2 техниканың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында толық сөндірілді. Қазіргі кезде өрттің себебі анықталу үстінде, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртенгенін жазған едік.