ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 406 мың дана масканы Қазақстаннан Ресейге алып бара жатқан жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2029-әскери бөлімі командирінің орынбасары Асқар Қазбековтің мәлім еткеніндей, оқиға 15 сәуір күні сағат 20.00-де «Сырым» автоөткелінде тіркелді.
Қазақстандық азамат айдап бара жатқан «ДАФ» жүк көлігін тексерген кезде бір рет қолданылатын 406 мың дана маска табылды.
Оның бастапқы құны – 36,108 млн теңге.
Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын сыртқа әкетуге тыйым салынғаны белгілі.
Материал БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментіне берілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 22 мың масканы алып кетіп бара жатқан ресейлік азаматтың ұсталғанын, БҚО-да соңғы тіркелген екі науқас та Ресейден келгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).