ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында аккумулятор ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан топ ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Квадрат» алдын алу шарасын жүргізу барысында 20 сәуір күні Подстепный ауылында учаскелік полиция инспекторлары Совет көшесінде тұрған «Ауди-80» автокөлігін байқайды. Сақшыларды көрген бойда автокөлікте отырғандар Орал қаласына қарай қашпақ болғанымен, көп ұзамай ұсталды. Тексеру кезінде автокөліктің жүксалғышынан екі үлкен «Барыс» аккумуляторы табылды.
Ұсталғандардың үшеуі де аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіліп, көп ұзамай олардың Теректі ауданы аумағында ғана емес, Орал қаласында да ұзақ уақыт бойы аккумулятор ұрлауды кәсіп қылғаны белгілі болды. Күні бүгін аталған топтың 42 қылмысқа қатысы бары анықталды. Олардың бәрі де - 20-25 жас аралығындағы жастар. Қазіргі кезде екеуі қамауға алынып, біреуі кепілге босатылып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).