ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 5 үйдің қорасындағы пішен мен сабанның, үй құстары мен малдың отқа орануына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
30 қыркүйекке қараған түні Достық ауылында белгісіз біреулер 5 үйдің шөп қораларына от қойған болатын.
Бәйтерек ауданы полиция бөлімінің бастығы Сұлтан Шалдарбековтің айтуынша, қазіргі таңда қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 202-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Приурал полиция бөлімі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір мезгілде 8 үйдің ауласы өртенгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).