ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында адам қағып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 30 сәуір күні Самара-Шымкент жолының бойында, Зеленов ауданы Павлов пен Погодаев ауылдарының арасында хабарсыз кеткен Д-ның мүрдесі табылған еді. Ол жол-көлік оқиғасы салдарынан алған жарақаттан көз жұмған.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері іздестіру шаралары барысында марқұмды қағып кеткен «Mercedes» автокөлігінің жүргізушісін анықтап, күдікті ретінде ұстады.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес (абайсызда адам өліміне соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Д-ның туыстары ол із-түссіз кеткеннен кейін полицияға хабарласқан болатын. Ол 16 сәуір күні Мәскеуден Оралға келуі тиіс болатын. Сол күні мемлекеттік шекарадан өткені жөнінде қоңырау да шалған.
Фото: baikal24.ru
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).