ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Казталов аудандық сотында А. деген тұрғынға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы 1-бөлігіне сәйкес қозғалған іске нүкте қойылды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ер адам кәмелеттік жасқа толмаған балаларын асырап бағу үшін барлық табысының ½ бөлігі мөлшерінде алимент өндіру туралы сот шешімін ұзақ уақыт бойы орындамаған.
Соның салдарынан оның алимент бойынша берешегі 375 871 теңгеге жеткен.
- Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, қатаң жаза қолданбауды сұрады. Іс материалдарына сәйкес, А-ның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сот орындаушысының берешек туралы қаулысымен, сот шешімімен, атқарушылық іс жүргізу құжаттарымен және басқа да материалдармен дәлелденді. Сот әкімшілік жаза қолдану кезінде жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескерді. Ер адам кінәлі деп танылып, оған 3 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 400 млн теңгеден астам алимент берешегі өндірілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).