Батыс Қазақстанда 400 млн теңгеден астам алимент берешегі өндірілді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 80 мыңнан астам адамның құқығы қалпына келтірілді.

БҚО прокуроры Серік Шалабаевтың мәлім еткеніндей, соның ішінде балалар құқығын қорғау ерекше назарда.
Серік Рысқалиұлының сөзіне қарағанда, алимент төлемеушілік ең өткір әлеуметтік мәселелердің бірі болып қалып отыр.
- Тек биылғы жылы прокуратуранының араласуымен 5 қылмыстық, 111 әкімшілік іс қозғалды. 1 мыңнан астам балаға қатысты 400 млн астам алимент берешегі өндірілді, - деді облыс прокуроры.
Оның айтуынша, тағы бір маңызды бағыт – инвестициялық жобаларды қолдау. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Фронт-офис алаңында барлық уәкілетті органдармен бірлесе отырып, 180 млрд теңге болатын 15 жобаны жүзеге асыруға көмек берілді. Соның нәтижесінде 1,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, бюджетке 8 млрд астам теңге түсті.
- Бұл – жай ғана сандар емес. Бұл – әр отбасына келген тұрақтылық, әр азаматтың ертеңіне деген сенімі. Алайда қоғамдағы тыныштық тек экономикамен өлшенбейді. Қауіпсіздік – кез келген өркениетті мемлекеттің іргетасы. Сол себепті қылмыстың алдын алу – біздің басты міндеттеріміздің бірі, - деді С.Шалабаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да прокуратураның араласуымен 468,5 млн теңгенің мемлекетке қайтарылғанын жазған болатынбыз.